НҰР-СҰЛТАН, 5 сәуір – Sputnik. "ҚазМұнайГаз Құбыр Сервис" компаниясының қызметкерлері Атыраудағы вахтадан Жем өзені арқылы үйіне қайтқан, алайда олардың астындағы мұз жарылып кеткен.
"Таңертең бұрғылаушылар екі автобуспен үйіне кетті. Оларға су тасқыны басталғаны туралы ескертілді, бірақ жұмысшылар қыста жүрген жолымен – Жем өзені арқылы өткен", - дейді Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Жарқамыс ауылдық округінің әкімі Асылхан Жұбаналин.
Олар өзеннің ортасына жеткенде мұз жарылып, көлік тоқтап, автобустар суға тола бастаған. Бұрғылаушылар люк арқылы шатырға шығып, басшылыққа телефон соғып, көмек сұраған, деп жазды "Ақтөбе таймс".
Таңертеңгі сағат 8-ден 10-ға дейін 25-ке жуық адам өзеннің ортасында автобустардың төбесінде отырды. Олардың жұмыс берушісі арнайы техникамен келіп, адамдарды судан шығуға көмектесті. Жарқамыс облыс орталығынан 200 шақырым жерде орналасқандықтан оларға төтенше жағдайлар департаменті мен әкімдік көмек көрсетпеді.
Автобустарды судан 10-20 күннен кейін, өзендегі су деңгейі төмендегеннен кейін ғана шығаруға болады.