Елорда тынысы

Елорда әкімі нөсер кәріздерінің құрылысы жайлы айтты

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 3 сәуір – Sputnik. Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов нөсер кәрізінің құрылысы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы айтты.
"Елорданың күн санап көркейіп келе жатқанын ескерер болсақ, нөсер кәрізінің құрылысы өте өзекті бағыт болып саналады. Қазіргі қолданыстағы нөсер кәріздерінің қуаты аздық ететіндіктен жаңаларын салу бойынша жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Нөсер кәріздерінің бір бөлігі салынып болды. Бүгін қаланы аралау барысында жобаларымыздың біріне бардым", - деп жазды Көлгінов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Біріншісі – Жастар шағын ауданында жеткізуші коллекторларды қайта жөндеумен айналысатын кәріз суын тазарту құрылысы.
Көлгіновтің мәліметінше, жаңа құрылыстардың қуаты тәулігіне 42 мың текше метрден асады. Аталған нысан Тәшенов, Бараев, Уәлиханов, Пушкин, Иманбаев көшелерінде, Республика даңғылында, Тәуелсіздік даңғылының жоғарғы бөлігінде су басу проблемасын шешті.
"Бұл қондырғының ерекшелігі – Есіл өзеніне жаңбыр мен еріген қар суы құйылар алдында тазартылады. Ал бұрын өзенге тікелей құйылатын, бұл өз кезегінде өзен суын ластап қана қоймай, қаланың экологиясына да теріс әсер ететін. Тазарту қондырғысы өткен жылдың күзінде іске қосылды, ал биыл абаттандыру жұмыстарын аяқтаймыз – тазарту қондырғысы жер астына орнатылғандықтан, оның үстіне гүлзар отырғызып, маңайын көгалдандырамыз", - деді қала басшысы.
Көлгінов жаңбырлы күндері су астында қалатын ең проблемалы учаскелердің бірі – Б.Момышұлы даңғылы болғанын еске салады. Айтуынша, қазір бұл жерде нөсер кәріздерінің магистральдық коллекторының құрылысы аяқталды.
Бұл нөсер кәрізінің ұзындығы 500 метрді құрайды – басы Дауылпаз көшесінен басталып, Елім-ай көшесіне дейін (Бауыржан Момышұлы даңғылын кесіп өтеді) жалғасады. Жаңа нысан қолданыстағы нөсер кәрізі желілерінің өткізу қабілетін 1,5 есеге арттыруға мүмкіндік берді.
Сондай-ақ әкім Тельман елді мекенінде тазарту қондырғылары мен магистральдық коллектор салу жұмысы аяқталғанын атап өтті. Қуаттылығы – тәулігіне 36 мың текше метрден асады. Жобаны іске асыру Тельман елді мекенін, №27 көшенің бойындағы құрылысы қарқынды жүріп жатқан аумақты және т.б. қамти отырып, жер үсті ағындарын бұрып әкетуді қамтамасыз етті.
Қоғам
Нөсер жауыннан кейін Нұр-Сұлтан көшелері тағы да су астында қалды – видео
Сол сияқты кәріз суын тазарту құрылыстары Пригородный елді мекеніне және Алаш тас жолы бойындағы логистикалық орталық ауданына да салынды. 2019 жылы Мыңжылдық аллеясы аумағындағы екі учаскеде нөсер кәрізі мәселесі шешілген болатын.
Бұдан бөлек, Алматы ауданында (Ш.Қалдаяқов көшесі) сорғы станциялары бар нөсер коллекторының құрылысы жүріп жатыр.
"Оның функциясын соңғы жылдары тұрмыстық кәріз жүйесі орындап келген, ол тіпті бірнеше рет істен де шықты. Жаңа нөсер кәрізі жаңбыр суының өткізу қуатын еселеп арттыруға, жақын маңдағы көшелер мен үйлерді су басудан сақтауға мүмкіндік береді", - деді қала басшысы.
Сонымен қатар, Көлгінов жаңа вокзал аумағына да нөсер кәрізі салынатынын мәлімдеді.
"Бұрын проблемалары болған, қазір бәрі реттеліп, құрылысы қайта жанданды. Бұл нөсер кәрізінің қуаты Мыңжылдық аллеясы мен вокзал ауданына түсетін күшті жеңілдетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ алдағы уақытта бұл аумақта құрылысы қарқынды жүретіні ескеріліп, есептелетін болады. Сол сияқты Ұлы Дала даңғылында орналасқан нөсер кәрізінің проблемалы учаскесін аяқтау қажет", - деді ол.
Нөсер кәрізі мен жаңбыр суын тазартатын құрылыстың көлемін, қуатын кеңейту бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүріп жатыр, деп сендірді әкімдік.