НҰР-СҰЛТАН, 18 мамыр – Sputnik. Нөсер жаңбырдан кейін елордалық көшелер тағы да су астында қалды. Тұрғындар қаланың әр тұсынан түсірілген видеоларды әлеуметтік желілерде жариялай бастады.
Дүйсенбі күні Нұр-Сұлтанда күн күркіреп, жаңбыр жауды. Қошқарбаев көшесі кезекті рет су астында қалды.
Момышұлы көшесін де әдеттегідей су басты.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Елордада аздаған жаңбыр Момышұлы көшесін кішігірім Венецияға айналдырды. Кәдімгі өзен. Мұнда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мына жерде үлкен шұңқыр болған, қазір ол толығымен суға толды", – дейді видео авторы.
Жаңбыр жауса алдымен толатын осы даңғыл бойындағы магистральды кәріз коллекторын қайта жөндеу жұмыстары басталған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Сәуір айының соңында елорда әкімі Алтай Көлгінов Момышұлы даңғылы мен Тоқпанов көшесінің қиылысындағы жауын суын ағызу жұмыстарының барысын тексерген болатын.
Елордалық әкімдік осы жылдың жазында Момышұлы даңғылындағы "жауынды көлдің" мәселесін шешуге уәде берген еді. Жөндеу жұмыстарына байланысты бұл көшеде 15 мамырдан бастап он күнге көлік қозғалысы шектелді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Қазір қаладағы Жастар ықшам ауданында тазарту қондырғылары салынып (Тәшенов пен Амман көшесінің қиылысы), коллекторларды қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл Тәшенов, Бараев, Уәлиханов, Иманбаев көшесі мен Республика даңғылын су басудан қорғайды.
Еске сала кетейік, алдағы күндері Қазақстанның барлық аумағында құбылмалы ауа-райы сақталады. Солтүстік пен шығыста және оңтүстік-шығыстың кей жерлерінде күшті жел тұрып, нөсер жаңбыр жауады. Қазгидрометтің болжамынша, күн күркіреп, тұман басады және бұршақ аралас жауын болады.