НҰР-СҰЛТАН, 2 сәуір – Sputnik. Он бір жастағы қазақстандық Сағын Өмірбайұлы ресейлік "Голос.Дети" шоуының 9-маусымының финалына өтті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Көрмей тыңдау кезеңінде Сағын "Скажите, девушки, подружке вашей" әнін шырқады. Неаполитандық Dicitencello vuje әні 1930 жылы жазылған. Орыс тіліне Михаил Улицкий аударған, ТМД елдеріне Сергей Лемешевтің орындауында белгілі.
Қазылар алқасының үш мүшесінің екеуі – Полина Гагарина мен Баста қазақ баласына бұрылды. Жас орындаушы Полина Гагаринаның репертуары өзіне жақын екенін айтып, оны тәлімгер ретінде таңдады.
Сағын Өмірбайұлы Шымкент қаласында дүниеге келген, Қазақстандағы көптеген ән байқауына қатысқан. Сағынның айтуынша, ән айтудан бөлек сурет салумен де әуестенеді.