НҰР-СҰЛТАН, 2 сәуір – Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласында әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің қызметін реттеу бойынша заң жобасына қарсы митинг өтті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Біз Айдос Сарым мен Динара Закиева бастамашы болған заң жобасына қарсымыз. Өйткені "балаларды кибербуллингтен қорғаймыз" деген желеумен контент пен ақпаратты шектейтін заң жобаларын қабылдауға болмайды", - дейді митинг ұйымдастырушысы Әсем Есқабыл.
Митингке цифрлық құқықтар саласындағы заңгерлер, журналистер, кәсіпкерлер, қоғам қайраткерлері мен блогерлер келді. Барлығы жиынның негізгі идеясын қолдайтынын және Қазақстанды әлемдік контенттен шеттетуге болмайтынын мәлімдеді.
"Иә, кибербуллинг мәселесі бар. Алайда әлем бойынша одан қорғанудың басқа да жолдары мен тәсілдері бар. Радикалды шешім қабылдаудың қажеті жоқ", - дейді олар.
Айта кетері, митинг қала әкімдігімен келісілді. Жиынға 100-ге жуық адам қатысты.
Бұған дейін депутаттар Айдос Сарым мен Динара Закиева Қазақстанда өз өкілдігін ашпаған шетелдің әлеуметтік желілері мен мессенджерлерінің жұмысын шектеу туралы нормаларды енгізуді ұсынған болатын. Соның арқасында кибербуллингпен күресіп, балаларды қорғауға болады дейді халық қалаулылары.