Өңірлер

БҚО-дағы төтенше жағдай: өңірге шұғыл қосымша күштер жіберілді

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 2 сәуір – Sputnik. Күннің күрт жылынуы салдарынан барлық өңірде су тасқыны қаупі күшейіп барады. Әсіресе, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Павлодар облыстарында жағдай күрделі болып тұр, деп хабарлады төтенше жағдайлар министрлігі.
Қазіргі кезде Батыс Қазақстан облысында еріген қар суын шығару үшін Маңғыстау облысынан қосымша күштер мен құралдар жіберілді. Атап айтқанда, қажетті техникасы мен құрал-жабдықтары бар 43 маман көрші облысқа аттанды.
"Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының Шалғын кентінде және Бөрілі ауданының Қызылтал ауылында 37 жер үй мен 2 әлеуметтік нысанды еріген қар суы басты. ТЖМ және жергілікті атқарушы органдардың күштері 87 адамды қауіпсіз жерге ​эвакуациялады. Бүгінгі күні Батыс Қазақстан облысының елді мекендерінен 1 млн 156 мың м³ қар шығарылды. Тұрғын үйлер мен аула аймақтардан 57 мың м³ еріген қар суы сорылды", - дейді құтқарушылар.
Өңірлер
Павлодар облысында көпбалы отбасының үйін су басып қалды
Павлодар облысында Рождественка ауылында 2 жер үйді су басты. Ал Ақтөбе облысында еріген қар суы 47 аулаға кірді. Бұдан бөлек, облыста 8 автожол учаскесінде еріген қар суы тасып жатыр.
Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында 1 республикалық маңызы бар автожол учаскесі​ мен 15 ​жергілікті маңызы бар автожол учаскесін су шайып кетті.
Бұған дейін Батыс Қазақстан облысында елді мекендерді су басуына байланысты Қаратөбе мен Шыңғырлау аудандарында төтенше жағдай жарияланғаны хабарланған еді.