Қоғам

"Төрт жасар қызды зорлады": шу шығарған әйел сөзінен айнып қалды

Медициналық сараптама кезінде балаға зорлық жасалғаны дәлелденбеді
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 1 сәуір – Sputnik. Ақмола облысының тұрғыны күйеуін төрт жасар қызын зорлағаны үшін айыптады. Бірақ сараптамадан кейін сөзінен айнып қалды. Енді, жиенін жауапқа тартуды талап етіп отыр, деп хабарлайды "Астана" арнасы.
Келіншек үш баласымен тұрмысқа шыққан. Жақында ол күйеуін төрт жасар қызын зорлады деп айыптады. Полицияға да арыз түсірген. Алайда айыпталушының адвокаты әйелдің бәрін ойдан шығарып отырғанын мәлімдеді.
Заңгердің айтуынша, күдікті ресми түрде ажырасуға шешім қабылдады. Осыдан кейін әйел қызын өгей әкесі зорлады деп айтуға көндірген.
"Менің клиентім әйелінің опасыздық жасағанын анықтадым дейді. Ал ажырасуға шешім қабылдап, адвокат жалдағаннан кейін педофилия фактілері туралы арыз аяқ астынан шыға келді", - дейді адвокат Төрехан Оразбек.
Оның айтуынша, медициналық сараптама кезінде балаға зорлық жасалғаны дәлелденбеді. Төсек пен киімге де сараптама жасалды. Бірақ жыныстық әрекеттің іздері табылмады.
Ақмола облыстық полиция департаменті сараптаманың қорытындысын растады. Бас тергеуші Әсем Кочубаевның айтуынша, полиция педофилия туралы арыз түскен күні сот-медициналық сараптама тағайындалды. Бірақ айтылған уәждер дәлелін таппады.
"Тергеу кезінде жас қыздың өкілі сөзін өзгертіп, зорлық әрекеттерін қыздың өгей әкесі емес, басқа туысы жасады деп шықты", - деді Кочубаева.