НҰР-СҰЛТАН, 31 наурыз – Sputnik. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы жолаушылар пойыздарының қозғалысын қалпына келтіру белгісіз мерзімге шегерілді, деп хабарлады "Өзбек темір жолдары" АҚ-ның баспасөз қызметі.
647/648 Нүкіс – Бейнеу мен 1/2 Ташкент – Алматы халықаралық жолаушылар пойыздарының қатынасын карантиндік шектеулер аяқталғанша кейінге шегеруге Қазақстан бастамашы болды. Осы шешім коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның хаттамасымен бекітілген.
"Жол жүру құжаттарын (билеттерді) алып қойған жолаушыларды теміржол кассаларына жүгінуді сұраймыз. Сол жерде билеттің толық құны қайтарылады, я болмаса, Қазақстан Республикасымен арадағы мемлекеттік шекарадағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай жақсарғанша билетті кейінгі уақытқа ауыстыруға болады", - делінген ресми хабарламада.
Айта кетері, 2020 жылы наурыз айында Өзбекстан коронавирус пандемиясына байланысты теміржолмен сыртқы жолаушылар қатынасын тоқтатқан болатын. Өткен аптада "Өзбек темір жолдары" компаниясы 1 сәуірден бастап Қазақстанмен арадағы теміржол қатынасы қайта ашылатынын хабарлаған.