Күш құрылымдары ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелерін ұстады

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 29 наурыз – Sputnik. Ішкі істер министрлігі ҰҚК және Бас прокуратураменмен бірлесіп, "Айшуақ-Жантүгел" ұйымдасқан қылмыстық тобының мүшелерін ұстады. Алматы қаласында және Алматы облысында өткен арнайы операцияға арнайы жасақ бөлімшесі де қатысты.
Ұсталғандар бұрын бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
"Жүргізілген арнайы операцияның нәтижесінде ұсталғандардан екі "Калашников" автоматы, бес аңшылық келте мылтық, екі жауынгерлік тапанша, "Калашников" пневматикалық автоматы, "Ф-1" қорғаныс қол гранатасы, оқ өтпейтін екі кеудеше, аңшылық пышақ, түрлі калибрлі 350-ден астам оқ-дәрі, сондай-ақ 5700 АҚШ доллары және 107 мың теңге сомасындағы ақшалай қаражат тәркіленді", - деп хабарлады ІІМ.
Ұсталғандардан тәркіленген оқ-дәрі
Қазіргі уақытта ұсталған адамдардың өзге де ауыр және аса ауыр қылмыстарға, оның ішінде қаңтар айының басында болған жаппай тәртіпсіздік кезінде жасалған қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Ұсталғандардан тәркіленген қару-жарақ
Ұйымдасқан қылмыстық топтың басқа да қатысушыларын анықтау және ұстау жұмысы жалғасуда. Ұсталған адамдарға қатысты "қамауда ұстау" бұлтартпау шарасы таңдалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.