НҰР-СҰЛТАН, 29 наурыз – Sputnik. Ақмола облысында баланың көзінше екі әйелді өлтірген ер адам көрші елде ұсталды.
Көкшетау қаласының тұрғыны Зура Ақжанова ішкі істер министріне алғыс хатын жолдады. Ол облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасы бастығының орынбасары Алмас Ілиясов, қалалық полиция басқармасының тергеушілері Мұқан Ысқақов пен Рауан Мұзаевтың қызметін жоғары бағалап, анасы мен апасының өліміне кінәлі адамды тапқаны үшін ризашылық білдірді.
Сол күні қылмыскер мас күйінде үйге баса-көктеп кіріп, 37 және 68 жастағы екі әйелді пышақтап өлтірген. Қаза тапқан әйелдің жас қызы бәрін көріп тұрған. Ал қылмыскер оқиға орнынан қашып кетті.
Тергеушілер қылмыстың мән-жайын анықтау үшін біраз тер төкті. Дәлелдерді жинады. Куәгерлерді табу да оңай болмады. Дегенмен, қашып кеткен ер адамның қылмыс жасағаны дәлелденді.
Содан оны халықаралық іздеуге жариялаған. Артынан көрші елде ұсталды. Сол жақта қылмыскер отбасын құрып үлгерген.
Көкшетаулық тергеушілер прокуратураға қылмыскерді экстрадициялау туралы өтініш түсіріп, оны Қазақстанға қайтарды.
Қазіргі кезде ол жазасын алып, түрмеге қамалды.