НҰР-СҰЛТАН, 29 наурыз – Sputnik. Үкімет жанындағы республикалық ономастика комиссиясы Қапшағай қаласының атауын Қонаев деп өзгерту туралы ұсынысты қолдады.
Комиссия мүшелері Қапшағай қаласын Қонаев қаласы деп қайта атау туралы ұсынысқа оң қорытынды берді. Жақын арада комиссияның қорытындысы дайындалып, заңнамаға сәйкес жұмыс жүргізу үшін Алматы облысының әкімдігіне жолданады.
Еске салсақ, 16 наурызда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысын Жетісу және Алматы облыстары деп бөлуді ұсынды. Алматы облысының орталығы Қапшағай қаласы болады. Мемлекет басшысы егер жұртшылық Қапшағай атауын Қонаев деп өзгертуді ұсынса, бұл пікірге қосылатынын айтты.
Көп ұзамай Алматы облысының бірқатар үкіметтік емес ұйымдары Қапшағай қаласын қайта атау туралы бастама көтерді. Бұл ұсынысты Қапшағай қаласы мәслихатының депутаттары бірауыздан қолдап, Алматы облысының ономастикалық комиссиясына жолдаған болатын.