НҰР-СҰЛТАН, 29 наурыз – Sputnik. "ҚазАвтоЖол" ауа райының бұзылуына байланысты 24 республикалық және 21 облыстық маңызы бар жолдың жабылғанын хабарлады.
Ұлттық компания дерегі бойынша, қатты бораннан жолдың көрінбеуі себепті Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай және Павлодар облыстарындағы автожолдардың 45 учаскесінде (24 республикалық және 21 облыстық маңызы бар) жолдар жабылды.
Төтенше жағдайлар министрлігі ауа райының бұзылуына байланысты республикалық жедел штаб құрды. Штаб республикалық азаматтық қорғау қызметтерімен тығыз жұмыс жүргізуде.
Бірқатар облыстарда да осындай штабтар жұмыс жасап жатыр.
Азаматтардың төтенше жағдайлар мәселелері бойынша жүгінуі үшін ТЖМ жедел желісі жұмыс істейді: 8 (7172) 53 32 84.
Министрліктің хабарлауынша, барлық жабық жол учаскелерінде төтенше жағдайлар, полиция департаменті және жол қызметі қызметкерлерінен посттар қойылды.
Автомобиль жолдарына (дәмхана, қонақ үй) жақын орналасқан жылыту пункттері дайындалып, іске қосылды.
"Алматы қаласында, Алматы, Ақтөбе және Қызылорда облыстарында қатты дауылдың салдарынан шатырлар мен ағаштар құлауған, сондай-ақ электр жарығы өшкен. Зардап шеккен және қайтыс болғандар туралы ақпарат түскен жоқ", - делінген хабарламада.