НҰР-СҰЛТАН, 29 наурыз – Sputnik. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров тауарлар мен азық-түліктің қымбаттауына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министр азық-түлік бағасына қысым жасалып жатқанын мойындады.
"Қазір бағаға қысым бар, әрине. Оның ішінде импорттық қысым, инфляция. Бірақ та бізде осы сияқты қысымдарға тосқауыл қоятын құралдар бар. Кешенді жоспар қабылданды. Қазір соны іске асырып жатырмыз", - деді ол үкімет кулуарында.
БАҚ өкілдері Қуантыровтан азық-түлік нарығындағы жағдай қашан тұрақталатынын сұрады.
"Жағдай бір-екі ай ішінде тұрақталады деп ойлаймын. Түсінесіздер ме, баға әрдайым өседі. Бірақ, бұл жерде оның қаншалықты жылдам және қандай кезеңде өсетіні маңызды. Инфляция да үнемі болады, өйткені ол экономиканың өсіп жатқанын көрсетеді. Егер инфляция өте төмен болса, онда біз тоқырау жағдайында тұрмыз деген сөз", - деді Қуантыров.
Ол мұндай жағдай Жапонияда болғанын айтып өтті.
"Сол себепті инфляция болуы керек. Бірақ, ол белгіленген дәлізден шығып кетсе, бұл тым жақсы көрсеткіш емес. Сол үшін біз тиісті шара қабылдаймыз", - деп сендірді министр.