НҰР-СҰЛТАН, 27 наурыз — Sputnik. Алматыда бірнеше аула мен көшені су басты.
Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, 112 және 109 қызметтеріне су басу туралы 11 хабарлама келіп түскен.
Жетісу ауданында Гончаров көшесі, 60 мекенжайы бойынша бітелген арық құбыры тазаланды, Брюсов көшесі бойынша су сору жұмысы атқарылған.
Алатау ауданы Магаданская көшесі, 53-үйде мердігер ұйымның күшімен арық желісі тазартылған.
Наурызбай ауданы Сұраншы батыр көшесі, 2 мекенжайындағы жер үйдің ауласы су астында қалды. Әкімдіктің мердігер ұйымы жұмыс істеді.
Су басқаны туралы тағы 7 хабарлама расталған жоқ, деп хабарлады департамент. ТЖД барлық расталған жағдай бойынша түске дейін жұмыс атқарылғанын жеткізді.
Қазгидрометтің хабарлауынша, 26 наурызда сағат 21:00-ден 27 наурыз 09: 00-ге дейін Алматыда 23 миллиметр жауын-шашын түскен.
Айдың басынан 146,1 миллиметр жауын жауған, норма 76 миллиметр. Жағдай Алматы төтенше жағдайлар департаментінің бақылауында.