Бұл Бреттон-Вудс келісімі жасалғаннан кейін бүкіл әлемдік экономика соның айналасында жұмыс істеген доллардың жаһандық валюта ретінде мәртебесі бәсеңдеуінде шешуші қадам болып отыр, деп жазды РИА Новости.
Дүниежүзілік банк дерегі бойынша, 2020 жылдың қорытындысына сәйкес табиғи газ нарығының жиынтық көлемі 446 миллиард долларды құрады. 2021 жылдың қорытындысы әлі нақтыланған жоқ, бірақ сауда көлемі 553 миллиардқа дейін өсті деген болжам бар. Ал 2025 жылға қарай сарапшылар газ нарығы 758 миллиард долларға дейін өседі деп отыр.
Мұндай ауқымды дерек ұсынған кезде есеп айырысу валютасы ретінде үнемі АҚШ доллар айтылады. Өйткені көгілдір отынды сатып алу-сату бойынша барлық банк операциясының шамамен 80 проценті доллармен жүзеге асырылады.
"Ал енді жаңа дәуір басталды. Себебі Ресеймен тату емес мемлекеттер алдында қарапайым таңдау тұр: ресейлік газ үшін рубльмен есеп айырысу немесе әлдеқайда арзан және долларға сатып алуға болатын балама жабдықтаушылар іздеу", - деп жазылған материалда.
Бұл жаңашылдық кімге әсер ететінін түсіну үшін Ресей Федерациясы президентінің 2022 жылдың 5 наурызындағы "Кейбір шетелдік кредиторлар алдындағы міндеттемелерді орындаудың уақытша тәртібі туралы" жарлығына көз жүгірту қажет. Құжат ережесі Ресеймен тату емес елдердің нақты тізімін қарастырады.
Атап айтқанда бұл тізімде Украина, АҚШ, ЕО елдері, Ұлыбритания, Канада, Австралия, Жапония, Сингапур, Тайвань, Норвегия, Оңтүстік Корея және Лихтенштейн, Монако және Андорра сынды ұсақ мемлекеттер бар.
Бұл аталғандардың ішінде өзі де сұйылтылған газдың ірі экспорттаушысы болып отырған АҚШ-тың жағдайы айтарлықтай жақсы. Ал антиресейлік мәселеде Вашингтонмен одақтас болған Еуропаның жағдайы мәз емес. Сондықтан Еуроодақ Ресей газынан сенімді түрде бас тарта ала ма?
РИА Новости тілшісі мысал ретінде Ресейдің негізгі сауда бойынша одақтасы әрі Ескі Әлемдегі ең бай мемлекеттің бірі Германияны қарастырған. Статистика бойынша 2020 жылы Германия 155 миллиард текше метр ресейлік газды сатып алған және импорттаған. Берлин өзінің энергетикалық қажеттілігіне небәрі 75 миллиард текше метр газ жұмсайды.
Сондықтан импортталған көгілдір отынның үлкен бөлігін қайта сатып, табысқа кенеліп отыр. Егер ұзақ мерзімге қарастырылған келісімшарт бойынша немістер ресейлік газды 850 доллардан алып отырғанын, ал TTF биржасындағы сәуір фьючерсінің баға көрсеткіші 1300 доллардан асқанын (біраз бұрын тіпті 2500-ге жетті) есепке алса, неміс газ саудасының кірісін елестету қиын емес.
Алдағы өзгерісті сезгендей-ақ бірнеше күн бұрын неміс БАҚ русофобтардың көңілінен шықпайтын жазбалар жариялады. Мысалы, экономика және энергетика министрі Роберт Хабек ресейлік газдан бас тарту Германия халқына зиян келтіруі мүмкін екенін, оның салдары жаппай кедейлік пен жұмыссыздыққа алып келетінін айтты. 55 проценті ресейлік табиғи газ жеткізуіне, 52 проценті көмір жеткізуіне және 34 мұнай өнімдерін жеткізуге тәуелді ел экономикасы Мәскеумен сауда-экономикалық байланыстың күрт үзілуін көтере алмайды.
Die Welt басылымы энергетика министрлігіндегі ақпарат көзіне сілтеме жасап, бейіндік мамандар арнайы алгоритмдерің көмегімен ресейлік көмірсутектен толық бас тартудың нәтижесі қандай болатынын анықтап көргенін жазды. Жүргізілген виртуалды краш-тест Ресейдің көгілдір отыны болмаса, бүкіл ел аумағындағы жылу жүйесі жұмысын тоқтататынын, бұл сырқаттанушылық деңгейінің өсуіне, адамдар қолдан жасалған жылыту жабдықтарын қолдану салдарынан өрт пен төтенше жағдайдың өсуіне алып келетінін көрсеткен.
Сонымен қатар неміс елінде бірінші қажеттіліктегі тауарлар, дәрі-дәрмек тапшы болатыны айтылған. Газ тапшылығы жеңіл, тағам өнеркәсібі мен мал шаруашылығын тоқыратып тастайды.
Нан өнімдері секторы да назар аударуды қажет етеді. Себебі бұл саладағы өнім бағасы қатты шарықтап, нан жеткізуде кідірістер пайда болу қаупі бар. Себебі Ресей мен Украина негізгі бидай экспорттаушысы болып отыр. Ресми статистикаға сәйкес, олардың үлесінде жалпы көлемнің 26 проценті жатыр.
Украинада егін себу науқаны бұзылғаны анық. Ал Ресей өз халқының қажеттілігін қамту үшін бидай дақылдарын экспорттауға қатаң шектеу енгізіп, квотаны 11 миллион тоннаға дейін қысқартты. Бұл шектеу 30 маусымға дейін күшіне енген. Дегенмен оның мерзімі кез келген уақытта ұзартылуы мүмкін.
Сондай-ақ ресейлік ресурстардан, атап айтқанда газ, көмір және мазуттан бас тарту электр энергиясын шығаруды 25 процентке қысқартады. Бұл қатарға атом секторының 11 процентін де сенімді енгізуге болады. Ал Олаф Шольф үкіметі жыл соңына дейін соңғы үші атомды энергия блогын жабу туралы шешім қабылдады.
"Владимир Путиннің мәлімдемесі бүкіл Еуропа мен негізінен Германия үшін күтпеген жайт болды. Zukunft Gas салалық бірестік басшысы Тимм Келер "Ресейдің газ келісімшарты бойынша рубльмен есеп айырысу туралы талабы абдыратып" тастағанын айтты", - деп жазылған материалда.