НҰР-СҰЛТАН, 22 наурыз – Sputnik. Биыл Нұр-Сұлтанда барлық коммуналдық кәсіпорын қызметкерлерінің жалақысы көтерілді. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов хабарлады.
Елорда әкімі жылу электр орталығы қызметкерлерін Наурыз мейрамымен құттықтады.
"Бізде жылыту маусымы 8 айға созылады. Үйлерді жылумен қамтамасыз ету үшін кәсіби мамандар жұмыс істейді. Жылу электр орталықтарында қызмет ететін мамандардың жағдайын жасауға ерекше мән беріледі. Биыл ЖЭО қызметкерлерінің жалақысын 20%-ке көтердік. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қаладағы коммуналдық кәсіпорындарда жұмыс істейтін мамандардың жалақысы өсті", - деп жазды Көлгінов Instagram парақшасында.
Ол жылу электр орталықтарының жұмысын жақсартуға да баса мән берілетінін атап өтті.
Дәлірек айтқанда, ЖЭО-1 және ЖЭО-2-дегі су жылыту қазандықтары толықтай газға ауыстырылды, ал ЖЭО-3 құрылысы қайта басталды.
Сондай-ақ тағы үш газ қазандығын жобалау жұмысы жүріп жатыр. Олардың қуаты сағатына 1 мың гигакалориядан асады, оның күші ЖЭО-3-тен де көп. Бұл қазандықтар жаңа аудандарды жылумен қосымша қамтамасыз етеді, деді әкім.