Өңірлер

Ақтауда еріктілер мүгедектігі бар адамдарға Наурыз мерекесіне орай сый жасады

Балалар алаңында мүмкіндігі шектеулі ересектер де жаттыға алады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 22 наурыз – Sputnik. Сейсенбі, 22 наурызда Ақтау қаласында алғаш рет ерекше балаларға арналған заманауи спорт алаңы ашылды.
Алаң теңіз жағалауында орналасқан. Онда мүмкіндігі шектеулі ересектер де жаттыға алады, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бұл ерекше жобаны "Мейірімді жүрек"қоғамдық жобасының еріктілері жүзеге асырды.
Жаңа алаңды одан әрі күтіп ұстау үшін Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің теңгеріміне беріледі.

"Бұл ерекше жоба толығымен демеушілердің есебінен тұрғызылды. Жаттығу құралдары арнайы тапсырыспен Алматы және Ақтау қалаларында дайындалып әкелінді. Осы орайда қала тұрғындарын, жалпыға ортақ қолданыстағы алаңды бүлдірмеуге, ұқыпты ұстауға шақырамын",- деді "Мейірімді жүрек" қоғамдық жобасының өкілі Ләззат Қалиева.

Алаңда 7 және одан жоғары жастағы мүгедек адамдар жаттыға алады.
Жалпы ауданы 120 шаршы метр жаттығу алаңында 8 түрлі ойын құралдары орнатылған: әткеншектер, турниктер және тағы басқа. Жарақаттан қорғайтын арнайы төсеніш төселген.