Қаңтар оқиғасы

Президент қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен бизнес өкілдерімен кездесті

Тоқаев шағын және орта бизнеске қолдау жалғасатынын, зардап шеккендердің шығыны өтелетінін жеткізді
Sputnik
АЛМАТЫ, 21 наурыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Алматыда шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесті, деп хабарлады Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасы кезінде бұзақылардың шабуылына ұшыраған Алматыдағы Asia Park сауда ойын-сауық орталығына барды.
Президентке зардап шеккен кәсіпкерлер тарапынан түскен өтініштердің бәрі қарастырылып жатқаны туралы мәлімет берілді.
Жергілікті әкімдіктің ақпаратына сәйкес, қазір барлығы 1 236 өтініш қолдау тапқан. Жалпы 6,191 миллиард теңге көмек ретінде бөлінді. Сонымен қатар жуық арада шығын көлемі шамамен 20 миллиард теңге болатын тағы 170-ке жуық өтініш қаралады.
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев зардап шеккен орта және шағын бизнес өкілдерімен кездесті. Мемлекет тарапынан шығыны өтелген жеке кәсіпкерлер қолдау көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.
Президент шағын және орта бизнеске қолдау жалғасатынын, зардап шеккендердің шығыны өтелетінін жеткізді. Мемлекет басшысы кәсіпкерлермен кездесуден кейін нысандағы қалпына келтірілген сауда нүктелерін аралады.