НҰР-СҰЛТАН, 18 наурыз — Sputnik. 17 наурызда өткен ЕЭК кеңесінің кезекті отырысында қазақстандық тараптың ұсынысы бойынша Еуропалық Одақ аумағында өндірілетін гербицидтерге қарсы антидемпинг шарасын уақытша тоқтату мәселесі қаралды.
Бұл ұсыныс гербицидтер құнының қымбаттауына және олардың нарықтағы ұсынысының азаюына байланысты туындап отыр. Оның ішінде валюта бағамының өзгеруі және Еуропадан келетін логистика проблемасы да бар.
Бұл ретте ЕО компаниялары өндіретін гербицидтердің Қазақстан нарығы үшін маңызы бар. Өтйкені ол Қазақстандағы гербицидтің жалпы импортының шамамен 20%-ін құрайды.
"Біз гербицид тапшылығына жол бермеуіміз керек және болашақ егіннің сапасына, соның салдарынан азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келтіре алмаймыз. Осыған байланысты әріптестерімізге Еуроодақтан жеткізілетін гербицидтерге қарсы қолданыстағы антидемпинг шарасын бір жылға тоқтату туралы ұсыныс жасадық. Алдағы ЕЭК алқа отырысында бұл мәселе шешіледі", - деп түсіндірді сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.
Гербицидтерге қатысты антидемпинг шарасы 2018 жылдың 26 мамырында белгіленген. Гербицидтер арамшөптердің өсімін басуға немесе олардың кеңінен таралуына жол бермеуге арналған.