НҰР-СҰЛТАН, 18 наурыз – Sputnik. Әділет министрі Қанат Мусин президент жолдауында айтылған саяси реформаларды заң жүзінде іске асыру мерзімін атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Келесі айда президент айтқан тапсырмалар бойынша Конституцияға енгізілетін өзгерістер әзірлене бастайды. Олар:
президент өкілеттілігі мен оның лауазымына қатысты шектеулер;
орталық сайлау комиссиясы, есеп комитеті мен конституциялық кеңестің мүшелерінің саяси партиялардан шығуы;
парламент сенаты мен мәжілісті қалыптастыру тәртібі мен функцияларын өзгерту;
есеп комитетін жоғарғы аудиторлық палата ретінде құру;
мәслихаттарды қалыптастыру тәртібі;
конституциялық сот құру;
өлім жазасын жою туралы шешімді Конституцияда бекіту.
"Осы блок бойынша заң жобасын 2022 жылы сәуірде әзірлеу жоспарланып отыр", - деді Мусин үкіметтің бүгінгі отырысында.
Ал тамыз айында әзірленетін заң жобалары тағы бірнеше саяси реформаны іске асыруға мүмкіндік береді. Олар:
әкімдер мен олардың орынбасарларына партияға жетекішілік етуге тыйым салу;
саяси партияларды тіркеу рәсімдерін оңайлату;
прокуратура мен адам құқықтары жөніндегі уәкіл мәселесі;
сайлау процесін жетілдіру;
алқа билер сотының қатысуымен істер санатын кеңейту;
бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңды қайта қарау;
жергілікті өзін-өзі басқару;
Сондай-ақ, маусым айына дейін жаңа облыстарды құру туралы президент жарлықтары дайындалады.