НҰР-СҰЛТАН, 17 наурыз – Sputnik. Қазгидромет сәуірден қазан айына дейінгі аралыққа маусымдық ауа райы болжамын ұсынды.
Көктем
Синоптиктердің болжамынша, сәуірде еліміздің барлық аумағында орташа айлық температура нормадан 1-2°C жоғары, республиканың шығыс бөлігінде – нормаға жуық болады.
Алайда көктемде ауа райы қысқы тосынсый жасауы мүмкін. Өйткені өтпелі маусымда синоптикалық процестер өте тұрақсыз болады. Суық ауа массаларының әсерінен солтүстік өңірлерде қар жауып, боран соқса, арктикалық антициклонның енуіне байланысты оңтүстік аймақтарда үсік болуы мүмкін.
Мамырда республиканың басым бөлігінде орташа айлық температура климаттық нормаға жуық болады деп күтілуде. Солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде температура климаттық нормадан 1°C төмен болады. Оған Сібір аймақтарынан суық ауа массаларының енуі себеп.
Сәуірде Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын нормадан аз, ал мамырда нормаға жуық болады.
Жаз
Жаздың алғашқы екі айында – маусым мен шілдеде республиканың басым бөлігінде ауа температурасы нормадан 1-2°C жоғары болады деп болжануда. Тамыз айында температуралық фон Қазақстанның көптеген облысында климаттық норма шегінде, елдің солтүстігінде нормадан 1°C жоғары болады.
Маусым айында елдің басым бөлігінде жауын-шашын нормадан аз, шілде және тамызда нормаға жуық. Шілдеде елдің қиыр оңтүстік-шығысында, тамызда оңтүстікте, оңтүстік-шығыс пен шығыстың таулы және тау бөктеріндегі аудандарында жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан көп болады.
Күз
Күздің алғашқы айлары қазақстандықтарды жылы ауа райымен қуантады.
Қыркүйекте Қазақстанның басым бөлігінде орташа айлық температура нормадан 1°C жоғары болады деп болжануда. Тек батыста, қиыр солтүстікте, оңтүстік, оңтүстік-шығыс пен шығыстың тау бөктеріндегі аудандарда ауа температурасы нормаға жуық болады.
Қазан айында еліміздің басым бөлігінде орташа айлық температура нормаға жуық, ал оңтүстік-батыс пен солтүстік-батыста нормадан 1°C жоғары.
Қыркүйек және қазан айларында республиканың барлық дерлік облысында жауын-шашын нормадан аз болады деген болжам бар.
Айта кетері, жарты жылға арналған маусымдық болжам жылына екі рет жасалады:
15 қазан – қараша-наурыз айларына;
15 наурыз – сәуір-қазан айларына.