НҰР-СҰЛТАН, 17 наурыз – Sputnik. Қостанай облысының полиция департаменті Рудный қаласы тұрғынына қатысты сотқа дейінгі тергеу бастады. Ер адам көрші әйел мен оның төрт жасар баласын керосин құйып, өртеп жіберген.
Жантүршігерлік оқиға жайлы Facebook-те өңірлік полиция департаментінің басшысы Ерлан Омарбеков жазды.
16 наурызда Рудный қаласы басқармасының кезекшілік бөліміне хабарлама түскен.
44 жастағы ер адам көршілерінің пәтеріне барған. Оған есік ашқан кезде, ол 32 жастағы әйел мен баласының үстіне керосин құйып, өртеп жіберген.
Кішкентай бала қатты зардап шекті.
"Қазір бүлдіршін жансақтау бөлімінде жатыр. Денесінің 40%-тен астамын күйік шалған. Дәрігерлер оның өмірі үшін күресуде. Әйелдің қолдары күйген. Ер адамның мұндай әрекетке баруына көршілер арасындағы жанжал себеп болғаны анықталды", - деп нақтылады Ерлан Омарбеков.
Күдікті ұсталды, қазір қамауда отыр.
Оған қатысты адам өміріне қастандық жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.