НҰР-СҰЛТАН, 17 наурыз — Sputnik. Әлеуметтік желілерде Шымкентте халыққа қызмет көрсету орталығындағы ұзын-сонар кезектің видеосы тарап жатыр.
Кадрда адамдар қақпадан секіріп өтіп, ғимаратқа қарай жүгіреді. "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметі оқиға Шымкенттегі №1 мамандандырылған ХҚКО-да болғанын растады. Тұрғындар С1 (жүк газелі) санатындағы жүргізуші куәлігіне практикалық емтихан тапсыруға барған.
"Бұл қаладағы екі автодромның бірінде жабдықтарды жөндеу жұмысының жүргізілуімен байланысты. Мамандандырылған ХҚКО-ның өзі штаттық режимде жұмыс істеді және клиенттерді көлікті қайта тіркеу және теориялық емтихан тапсыру бойынша қабылдады",-деді Sputnik Қазақстан тілшісіне баспасөз қызметінде.
Сондай-ақ, ақпанның соңында автодром өз жұмысын жандандырып, көлік жүргізудің барлық санаты бойынша клиенттерді қабылдай бастады. Алайда, осы уақыт ішінде практикалық емтихан тапсырғысы келетін адамдар саны көбейді. №1 мамандандырылған ХҚКО-ға тек Шымкент қаласының тұрғындары ғана емес (халық саны 1 миллионға жуық адам), сонымен қатар бүкіл Түркістан облысының тұрғындары (халық саны - 2 миллионнан астам адам) жүгінетіні де жағдайды ушықтырған.
"Көп адам келуіне байланысты қазіргі уақытта мамандандырылған ХҚКО-ның жұмыс уақыты ұзартылды. Сондай-ақ, С1 санаты бойынша емтихан қабылдауға қосымша көлік бөлінді. С-1 санатындағы көлікке GPS-датчиктер орнатылады. Бұл уақытта практикалық емтиханды Шымкент полициясының өткізу мәселесі пысықталып жатыр", - деп толықтырды баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта Түркістан облысында мамандандырылған ХҚКО ашу мәселесі шешіліп жатыр. 19, 20 және 23 наурызда Шымкент қаласының №1 мамандандырылған ХҚКО штаттық режимде 8.00-ден 19.00-ге дейін жұмыс істейді.