Қоғам

Президент: әрбір адамның өз қабілетін іске асыруына қолайлы жағдай жасаймыз

Ммемлекет басшысы "түрлі адамдардың қызметіне беретін бағасынан гөрі мемлекетті қорғап қалу маңызды" екенін ерекше атап өтті
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 16 наурыз – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстанның негізгі идеясын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Жаңа Қазақстанда біз "әртүрлі көзқарас, бірақ біртұтас ұлт" қағидатын берік ұстануымыз қажет. Біз надандық, радикализм, масылдық пен жемқорлыққа қарсылық көрсетеміз. Қоғамда өзара жатсынуды еңсеріп, өзгерістерге деген сенімді жаңғыртуымыз қажет. Біз адамдардың еңбекқорлығы, дарыны мен энергиясына басымдық береміз. Әрбір адамның өз қабілетін іске асыруына қолайлы жағдай жасаймыз. Осылай ғана халқымыздың жасампаз әлеуетін арттыра аламыз", - деді Тоқаев парламенттің бірлескен отырысында.
Президенттің айтуынша, сонда ғана реформация дәуірі басталады. Халықтың өмірі түбегейлі өзгереді.
"Сөзімнің соңында бір мәселеге ерекше тоқталғым келеді. Мен азаматтарымыздың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалаймын. Ең бастысы - еліміздің егемендігі. Шын мәнінде, біз үшін Қазақстанның Тәуелсіздігі бәрінен қымбат. Осы тұрақсыз, құбылмалы әлемде Қазақстанымыз бізден басқа ешкімге керек емес. Сондықтан маған елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан басқа ешбір құндылық жоқ. Мені алдымен халқымның болашағы қандай болатыны толғандырады", - деп атап көрсетті Тоқаев.
Осы орайда мемлекет басшысы "түрлі адамдардың қызметіне беретін бағасынан гөрі мемлекетті қорғап қалу маңызды" екенін ерекше атап өтті.
"Осы жолда жауапкершіліктің бәрін мойныма алуға дайынмын. Бабалар аманатына адал болып, оны ұрпаққа табыстау мен үшін киелі парыз. Жаңа Қазақстанның жаңару мен жаңғыруы бүгінгі буынның – болашақ ұрпаққа аманаты. Ендеше, Жаңа Қазақстанды бірге өркендетейік, ағайын! Қастерлі Отанымыздың тұғыры мығым, абыройы биік бола берсін", - деді президент.
Жаңа облыстар құрылады: әкімдер Тоқаевтың шешімі туралы не ойлайтынын айтты