НҰР-СҰЛТАН, 16 наурыз – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына ұлттық құрылтай құруды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз міндетін табысты атқарды. Енді оның орнына құрамы жағынан ауқымды ұлттық құрылтай құруды ұсынамын. Жаңа құрылым ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің қызметін жалпыхалықтық деңгейде жалғастырады. Құрылтай қоғамдық диалогтың біртұтас институционалды моделін қалыптастыруға тиіс. Сөйтіп, билік пен халықтың арасындағы дәнекерге айналады", - деді Тоқаев халыққа жолдауында.
Ұлттық құрылтайға барлық аймақтың өкілдері кіреді. Сондай-ақ Қазақстан халқы ассамблеясы пен Азаматтық альянс өкілдері, депутаттар, қоғамдық кеңес мүшелері, өндіріс пен ауыл шаруашылық жұмысшылары, бизнесмендер және басқалар енеді.