АЛМАТЫ, 16 наурыз – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстанды құруда қолға алынып отырған бастамалар өте ауқымды екенін, ол елдің саяси жүйесі мен әімшілік-аумақтық құрылымын едәуір өзгертетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Оны жүзеге асыру үшін Конституцияның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізу қажет. Сондай-ақ жыл соңына дейін тағы 20-дан астам заң қабылдау керек.
"Заң жобасын әзірлеп, оны қабылдау едәуір уақыт алатын күрделі жұмыс. Сондықтан оған аса жауапкершілікпен қараған жөн. Сондай-ақ ішкі-сыртқы сын-қатерлерді мұқият ескеруіміз қажет", - деді мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, билік елімізді түбегейлі жаңғыртуға кірісті. Бұл кезең алмағайып уақытқа тұспа-тұс келіп отыр.
"Қазіргі халықаралық ахуал Қазақстанға да әсер ететіні анық, бірақ заман қаншалықты күрделі болса да, біз бағдарымыздан айнымаймыз", - деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, осы жолда жұртымызға ауызбіршілік керек, ақыл мен сабыр, парасат пен ұстамдылық қажет.
"Біз әр шешімді мұқият саралап, әр істі байыппен саралауға тиіспіз. Біздің мұратымыз – Жаңа Қазақстанды құру. Бұл нені білдіреді? Жаңа Қазақстан дегеніміз – егемен еліміздің болашақтағы бейнесі. Өз елінің ертеңіне сенбеген халық мықты мемлекет құра алмайды", - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы әрбір азаматтың Конституциялық құқығы мүлтіксіз сақталатынын мәлімдеді. Маңызды шешімдер жұртшылық қатысуымен қабылданады.