АЛМАТЫ, 15 наурыз – Sputnik. Алматы облысында христиан зиратындағы қабірді қиратты деген күдікпен ауылдың 38 жастағы тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Талғардағы зираттың қиратылғаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде 8 наурызда пайда болды. Белгісіз біреулер құлпытасты төңкеріп кеткен. Полиция қылмыстық іс қозғады.
Талғардағы қиратылған қабір
© фото очевидцев
Жерлеу орнын қорлады деген күдікпен Талдыбұлақ ауылының 38 жастағы тұрғыны ұсталды. Полицияның мәліметінше, ол құлпытасты құлатқанын мойындаған.
"Ол наурыздың басында мас күйде құлпытасқа зақым келтіргенін айтты. Ұсталған азамат мұндай әрекетке не себеп болғанын түсіндіре алмады", - деп хабарлады Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.
Ер адам Қылмыстық кодекстің 314-бабы бойынша айыпталып отыр. Тергеу кезінде күдіктіге қатысты "келу туралы міндеттеме" процестік мәжбүрлеу шарасы таңдалды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ұсталған адамға ірі көлемде ақшалай айыппұл, түзеу жұмыстары, үш жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу шарасы қолданылады.
Айта кетері, бұл биыл Алматы облысында болған бірінші жағдай емес. Қаңтардың басында Үштөбедегі православие зиратындағы бірнеше қабір қиратылды. Бұл жағдайға тіпті мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пікір білдірді. Содан кейін вандализм әрекетін жасады деген күдікпен психикалық ауытқуы бар адам ұсталды.