Қазақстанда қант бағасын алып-сатарлар қымбаттатқан

Монополияға қарсы бағытталған іс-қимыл қорытындысы бойынша шара қабылданады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 15 наурыз – Sputnik. Қазақстан бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті бағаға жүргізілген мониторинг нәтижесінде қант бағасы алып-сатарлардың әрекетінен қымбаттағанын анықтады.
"Қазіргі уақытта нарық субъектілерінің үстемдік үлесін анықтау мақсатында ірі жабдықтаушыларға сауал жолданды. Монополияға қарсы бағытталған іс-қимыл қорытындысы бойынша шара қабылданады", - деп жазылған хабарламада.
Монополияға қарсы департамент азаматтарды дүрбелеңге салынбауға шақырып, бәсекелестікке қарсы келісімдер, келісілген әрекеттер нәтижесінде алып-сатарлық жолмен бағаны өсіру, сондай-ақ үстемдік жағдайды теріс пайдалану монополиялық кірісті (таза пайданы) тәркілеп, кірістің 3-5 проценті мөлшерінде айыппұл салуға алып келетінін ескертті.
Еске сала кетейік, өткен аптада Ресейдің қант экспортына тыйым салуы және Қазақстандағы қант қоры үш айға жететіні туралы хабарлама тарауы салдарынан Қазақстан тұрғындары дүкендегі құмшекерді жаппай сатып алуға кірісті.
Сауда министрлігі Қазақстанда қант қоры жеткілікті екенін және алдағы уақытта бұл қорды толықтыруға ешқандай кедергі жоқ екенін мәлімдеді.
Министр Қарашөкеев қант жайлы: алаңдауға негіз жоқ