Қоғам

СІМ Мариупольдегі 18 қазақстандықпен бес күннен бері байланысқа шыға алмай отыр

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 15 наурыз – Sputnik. Қазақстандық дипломаттар 10 наурыздан бері республиканың 18 азаматымен байланысқа шыға алмай отыр. Отандастарымыз Украинаның Мариуполь қаласында қамалып қалған.
"Қазақстанның Украинадағы елшілігінің ақпаратынша, Мариуполь қаласында қалған Қазақстан азаматтарының жалпы саны – 18 адам. Электр энергиясы мен телефон байланысының өшірілгеніне байланысты олармен хабарласу мүмкін болмай отыр", - деді сыртқы істер министрлігі.
РИА Новости хабарлағандай, Азов жағалауындағы ірі қала Мариупольде ДХР күштері мен украин әскерлері арасында қақтығыс болып жатыр. Қалада бейбіт тұрғындарды шығару мәселесі әлі күнге дейін өзекті.
Министрлік, сондай-ақ, Украинада қалып қойған қазақстандық алысқа қатынайтын жүргізушілер туралы да айтты. 57 қазақстандық ауыр жүк көлігінің 51-і дипломаттар көмегімен Украина аумағынан шыққан. Ал қалған алты көлікке қажетті көмек көрсетілуде.
Қазіргі таңда Украинадан Қазақстанға 587 азамат оралды. Олар төрт репатриациялық рейспен эвакуацияланды. Сейсенбі, 15 наурызда елорда уақытымен 08:50-де Польшаның Катовице қаласынан бортында 89 Қазақстан азаматы бар бесінші эвакуациялық ұшақ ұшып шықты. Бұл туралы Қазақстанның сыртқы істер министрлігі хабарлады.
Украинадан тағы 89 қазақстандық елге оралады
Сондай-ақ қазақстандық дипломаттар 822 отандасымызға Украинадан шығуға жәрдемдесті. Олардың ішінде 726 адам – Польшаға, қалғаны Молдова, Румыния, Венгрия және Словакияға кетті.
Министрлік мәліметінше, Катовице қаласында және Украина-Польша шекарасын кесіп өту үшін кезекте тұрған қазақстандықтар жоқ. Харьковтағы эвакуация үшін жиналатын орында 3 қазақстандық бар, Сумы қаласында – 1 адам, онымен тұрақты байланыс орнатылған.