НҰР-СҰЛТАН, 14 наурыз – Sputnik. Қаңтардағы тәртіпсіздіктерге 50 мыңнан астам адам қатысты. Бұл туралы бас прокурор Берік Асылов айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Митингілер бастапқыда бейбіт болды. Бірінші қаңтардан бастап батыс өңірлердің тұрғындары газ бағасын төмендетуді талап етті. Яғни ешқандай саясат болған жоқ. Таза әлеуметтік-экономикалық талаптар қойылды. Өңірге жедел жолданған үкіметтік комиссия газ бағасына қатысты талаптарды қанағаттандырды", - деді ол.
Осыған қарамастан Алматы, Шымкент және басқа өңірлерде адамдар көшеге шықты. Қатысушылардың жалпы саны екі күнде 50 мыңнан асты.
"Ең көп адам Алматыда жиналды. Басында жиындар бейбіт сипатта өтті, алайда жағдай бақылаудан шыға бастады. Сондықтан әкімдер мен депутаттар халықпен сан рет кездесіп, қоғамдық тәртіпті бұзбауды сұрады", - деп толықтырды Берік Асылов.
Оның айтуынша, шенеуніктер бірнеше мәрте сабыр сақтауға шақырғанмен, жиналғандар қылмыстық және радикалды іс-әрекеттерге көшті. Төртінші және бесінші қаңтарда азаматтар агрессивті топқа айналып, 11 өңірде зорлық-зомбылық жасады.
"Ұйымдастырушылар айқын жоспармен әрекет етті. Ватсап және телеграм арқылы топтың жиналуы мен қозғалысын үйлестірді. Олар көп адам жинап, арматура, таяқ, тас, Молотов коктейлімен қаруландырды. Кейіннен топтың бір бөлігі дүкендерді қиратып, тонауға кірісті", - дейді бас пркурор.
Тонаудан кейін қылмысты жасыру үшін тіпті көппәтерлі үйлердің бірінші қабатындағы үй жайларды өртеген.