Павлодар облысында тасжолда 200-ге жуық көлік тұрып қалды

Тасжолдан 40-қа тарта адам, оның ішінде балалар эвакуацияланды
Sputnik
ПАВЛОДАР, 14 наурыз – Sputnik. Республикалық тасжолда тұрып қалған көліктерден құтқарушылар 40-қа тарта адамды эвакуациялады, деп хабарлады Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
13 наурызда ауа райының нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар Нұр-Сұлтан – Ерейментау – Шідерті тасжолы жабылды.
Онда 150 жеңіл және 50 жүк көлігі тұрып қалды. Қалыптасқан жағдайға байланысты жергілікті полиция қызметінен бекет қойылып, "Сарухан" қонақ үйінің базасында жылыну пункті іске қосылды.
Екібастұз қаласының құтқарушылары өрт сөндіру және жергілікті полиция қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп, 36 адамды, оның ішінде алты баланы эвакуациялады. Оларға Қазақстан Қызыл Жарты ай қоғамы есебінен тамақ және жылы үй-жай берілді.
"Сағат 18.00-де тасжол ашылды. Техника кептелісі жойылды, төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері мен полицейлердің сүйемелдеуімен барлық көлік бір колоннамен жолға шықты", - деп хабарлады құтқару қызметі.