НҰР-СҰЛТАН, 14 наурыз – Sputnik. Тайландта жас футболшы қарсыласын шынтақпен ұрып, талдырып тастады. Сол үшін жұмысынан айырылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Матч ТВ Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Үшінші дивизионда өткен матчта Солтүстік Бангкок университетінің футболшысы ережені бұзып, "Бангкок" клубының ойыншысы Айтсарет Нойчабунды теуіп жіберді. Айтсарет төрешіні күтпей, қарсыласын тай боксының әдісімен шынтақпен бір ұрды. Жарақат алған спортшыны дереу ауруханаға жеткізген. Оның ернін тігуге тура келді.
Екі команда арасындағы ойын 13 наурызда өтті. Осы оқиғадан кейін "Бангкок" футбол клубы Нойчабунмен арадағы келісімшарттың тоқтатылғанын мәлімдеді.
Ал Аргентинада футболшылар командасы төрешіге жабылып, тепкілеп тастады.
Бұл оқиға Кордова провинциясында болған. Әуесқой футболшылар турнирінде "Ла Пуэртэ" командасының ойыншылары мен жанкүйерлері пенальтиден кейін төреші Эдуардо Пасториноға жабылды. Лига президенті төрешіні қорғаймын деп, таяқ жеп қалды. Жанкүйерлердің бірі термос лақтырған.
Екі ер адам ауруханаға түсті. Полиция тергеуді бастады.