НҰР-СҰЛТАН, 12 наурыз – Sputnik. Мәжілісмен Владимир Тохтасунов депутаттық өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға өз еркімен өтініш білдірді, деп хабарлады орталық сайлау комиссиясы.
Бүгін комиссия мүшелері депутат Тохтасуновтың өкілеттігін тоқтатуға әкелетін негіздің туындағаны туралы қаулыны қабылдады. Конституцияның 52-бабы мен "Қазақстан Республикасының парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" конституциялық заңның 24-бабы 3 және 8-тармақтарына сәйкес, Тохтасуновтың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы ұсыным мәжіліске енгізілді. Енді оның әріптестері дауыс беріп, депутаттық мандатын тоқтатуға тиіс.
Айта кетері, бұған дейін депутат Файзолла Қаменов пен Сергей Решетниковтың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Қазақстан халық партиясы олардың орнына Гауһар Нұғыманова мен Магеррам Магеррамовты ұсынды. Орталық сайлау комиссиясы екеуінің кандидатурасын бекітті. Одан кейін Зүлфия Сүлейменова депутаттық өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға өтініш берді.