НҰР-СҰЛТАН, 12 наурыз – Sputnik. Бүгін екі бірдей қалада – Алматы мен Нұр-Сұлтанда әйелдер митингі өтті. Алматылықтар дәстүрлі отбасы құндылықтарын қорғауды талап етсе, астаналықтар көшеге феминистік ұрандармен шықты.
Жергілікті билік тарапынан митинг өткізуге рұқсат берілді.
Алматыда көшеде, шамамен, 40 адам жиналды. Олардың ішінде әйелдер де, ер адамдар да бар. Ал плакаттарға нақты талап жазылды. Алматылықтар мектептерде жыныстық қатынас туралы сабақтарға жол бермеуді, UNICEF-тің балаларға арналған тестерін алып тастауды және ұлттық дәстүрлерді сақтауды талап етті.
Елордадағы митинг
© Sputnik /Данияр Бейсембаев
Митинг кезінде балалардың отбасы туралы суреттері де ілінді. Шара кезінде полицейлер қоғамдық тәртіпті қадағалап тұрды.
Ал астанадағы гүлдер саябағында жиналған әйелдер феминистік сипаттағы мәселелерді көтерді. Бұған дейін ондай шаралар Алматыда ғана ұйымдастырылған.
Астаналықтар да плакаттарға өз талабын жазып келді. Соның ішінде саясатта әйелдердің санын арттыруға қатысты мәселелер де бар.
Алматыда өткен митинг
© Sputnik/Александр Мироглов
"Билікте әйел болғанда қаңтар оқиғалары болмайтын еді", "9,8 млн әйел – бір ғана әйел министр" сияқты плакаттар көтерілді. Радикалды феминистік ұрандар да болды. Сондай-ақ, әйелдер тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заң қабылдауды талап етті.
Митингұйымдастырушылары әкімдікпен келісу оңай болмағанын айтты. Жергілікті билік біраз талап қойған. Тіпті, митингтің мазмұны да жан-жақты тексерілді.
Елордадағы митинг
© Sputnik / Данияр Бейсембаев
"Спикерлердің сөзін де әкімдікпен келісуге тура келді. Олар "ЛГБТ" сөзін айтуға тыйым салды. Олай істеген дұрыс емес деп ойлаймыз. Себебі әйелдердің құқықтарын көтергенде барлығын айтуымыз керек. Соның ішінде ЛГБТ+ те бар. Енді, осы жолы алғаш рет ұйымдастырғаннан кейін әкімдіктің айтқанына көндік. Болашақта ондай митингтерді жиі өткізуді қалаймыз", - дейді олар.
Астанада әйелдердің құқығы үшін өткен митинг
© Sputnik / Владислав Воднев
Митинг өткізген әйелдер тұрмыстық зорлық-зомбылық әрекеттерін қылмыстық істер қатарына қосу қажет деп санайды. Шараға 100-ге жуық адам жиналды.