НҰР-СҰЛТАН, 11 наурыз – Sputnik. Қазақстандық банктер үндеу жасап, қолма-қол доллар не себепті жоқ екенін түсіндірді.
Тұрғындар айырбастау пунктері мен банктерде қолма-қол доллар мен валюталық депозиттен қаражат алу мүмкін емес екенін айтып шағымданып жатыр.
Екінші деңгейлі банктердің бірлескен үндеуінде шиеленіскен халықаралық саяси жағдайға байланысты Қазақстанға басқа елдерден қолма-қол шетел валютасын жеткізу қиынға соғып отырғаны айтылған.
"Бұл қолма-қол валютаға қатысты екенін тағы да атап өткіміз келеді. Ал валюта сіздің шотыңызда сақталады. Оны онлайн-банкинг арқылы тексере аласыз", - делінген үндеу мәтінінде.
Банктер қолма-қол валютаны жеткізумен байланысты қиындық тек уақытша деп сендірді.
"Біз қысқа мерзімде Қазақстанға қолма-қол валютаны тұрақты жеткізуді қамтамасыз ету үшін Ұлттық банкпен бірге жұмыс істейміз", - деді олар.
Қазақстанда қолма-қол шетел валютасын сатып алуға жоғары сұраныс байқалады.
Бұған дейін Ұлттық банк валюталық операцияларды шектеу туралы тапсырма бермегенін мәлімдеді.