НҰР-СҰЛТАН, 10 наурыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен АҚШ үкіметтері арасындағы халықаралық салық тәртібін жетілдіру туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды Ақорда.
Заң қаржы ұйымдары, оның ішінде кредиттік ұйымдар, сақтандыру, брокерлік және басқа да осыған ұқсас компаниялардың қызметіне қатысты.
Бұған дейін ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров келісім Қазақстанға АҚШ-та шот ашқан барлық қазақстандық жеке және заңды тұлғалар туралы ақпарат алуға мүмкіндік беретінін мәлімдеді.
Сондай-ақ келісімге қосылатын қаржы институттары Қазақстанда шоты бар америкалық жеке және заңды тұлғалар туралы ақпаратты анықтап, көрсетуге тиіс.
Қазақстан ақпаратты орталықтандырып жинауды көздейтін модельді таңдаған. Бұл қаржы жүйесін бақылауға, Қазақстанның азаматтары мен резиденттері туралы ақпаратты АҚШ-тан алуға, Қазақстанның қаржы институттарының әкімшілік шығындарын қысқартуға, сондай-ақ келісім талаптарына байланысты қаржы секторы үшін қауіп-қатерді азайтуға мүмкіндік береді.