Ақтөбе әуежайы SCAT ұшақтарына қатысты оқиғаға түсініктеме берді

Әуежай бүгінде зақымданған жолақтар шұғыл жөнделді деп сендірді
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 9 наурыз – Sputnik. Актөбе әуежайының басшылығы ұшу-қону жолағының жөнделмеуі салдарынан SCAT ұшақтарына зақым келгенін растады.
Бұған дейн бұқаралық ақпарат құралдарында "Ақтөбе – Нұр-Сұлтан" бағытындағы DV722 рейсі мен "Ақтөбе – Алматы" бағытында ұшқан DV712 рейсінің зақымдалғаны туралы ақпарат тараған болатын.
"Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежай" АҚ басқарма төрағасы Дастан Малиевтің айтуынша, екі ұшаққа сан алуан зақым келген. Атап айтқанда, DV722 рейсінде оң жақ қозғалтқыш вентиляторының бес қалақшасы зақымдалған. Ал екінші ұшақта 3 доңғалақтың резеңкесі бүлінген.
"Бұның барлығы жасанды ұшу-қону жолағындағы ақаулықтардан болған. Оған нашар ауа райы әсер еткен. Бүгінде жолақтың барлық кемшілігі шұғыл түзетілді", – дейді Малиев.
Оның айтуынша, жасанды ұшу-қону жолағын күнде тексеріп отырады және шұғыл жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бірақ толыққанды жөндеу шараларын өткізу үшін қолайлы ауа райы болуы қажет. Әзірге арматура шығып тұрған жерлер анықталған жоқ.
"Сосын жөндеу жұмыстарын жасағанда аэродром плиталарын толығымен ауыстыру қажет. Оған да дайындық керек. Биыл біз қажетті материалды сатып аламыз. Сондай-ақ кем дегенде 300 аэродром плитасы және басқа да қажетті құрылыс материалдары жеткізіледі. Негізі өткен жылдармен салыстырғанда жасанды ұшу-қону жолағы әжептәуір жақсарған", – деп атап өтті Малиев.
Былтыр облыстық әкімдіктің қолдауымен аэродром жабындысының 8 мың метрі жөнделген.