НҰР-СҰЛТАН, 6 наурыз – Sputnik. Қазақстандық "Сбер" Visa және Mastercard-тың Ресейдегі қызметінің тоқтатылуы банк карталарының жұмысына әсер етпейтінін мәлімдеді.
"Қазақстан СберБанкінің" Visa және Mastercard картасын ұстаушылар үшін бұрынғыдай барлық операция толық көлемде қолжетімді", - деді банк мамандары.
Осы орайда Sputnik Қазақстан тілшісі ресейлік "Сбер" немесе банктің басқа филиалдарында (Қырғызстан мен Беларусь) шығарылған картамен Қазақстандағы "Сбердің" бөлімшелері мен банкоматтарында ақша алуға бола ма деп сұрады. Банк мамандары шетелдік карталарға да қызмет көрсетілетінін жеткізді.
"Біздің банкіміз барлық қызметті штаттық режимде көрсетіп жатыр. Соның ішінде шетелдік карталарға қызмет көрсету де бар", - дейді олар.
Айта кетері, жексенбі күні Visa мен Mastercard халықаралық жүйелері Ресейдегі операцияларды тоқтататынын мәлімдеді. Дегенмен ресейлік банктерде шығарылған Visa және Mastercard карталары мерзімі аяқталғанша жұмыс істей береді. Барлық операция Ресейдің ұлттық төлем карталары жүйесінде өңделеді. Бірақ трансшекаралық операциялар мен шетелдегі интернет-дүкендердегі операциялар қолжетімсіз болады.