Өңірлер

Павлодарда тұрғын үй қақ жарылды: тұрғындар үйінді астында қалудан қорқып отыр

Пәтер иелері кооперативі қабырғаларды жөндеу жұмысы олардың міндетіне жатпайтынын алға тартты
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 6 наурыз — Sputnik. Павлодарда көп қабатты үйдің тұрғындары үй құлауы мүмкін деп дабыл қақты. Кіреберістер арасында терең жарық пайда болған. Ішіндегі температура көшегеге жақындады, салдарынан пәтерлерде ылғалдылық пайда болған.
Алайда пәтер иелері кооперативі қабырғаларды жөндеу жұмысы олардың міндетіне жатпайтынын алға тартты.
Елена Шестакова бұл үйде бес жылдан астам уақыт тұрады. Ол ғимаратқа жарты ғасыр болса да, бұған дейін еш мәселе туындамағанын айтады. Шағын жарықтарды тұрғындар өз күшімен жөндеген. Бірақ биыл олардың бірі терең жарыққа айналды, деп хабарлады "Астана" телеарнасы. Суық пен ылғалдылыққа байланысты пәтерлер көгере бастаған.
Тұрғындар ерте ме, кеш пе түбінде үй құлайды деп қорқып отыр.
Жөндеу бригадасы жұмысты 167 мың теңгеге бағалады. Зейнеткерлер үшін бұл қомақты сома. Сондай-ақ, жөндейтін адамдар жарықтың қайта пайда болмасына кепілдік бере алмайды. Пәтер иелері кооперативі де бұл шығынды өз мойнына алудан бас тартқан.
Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мамандары жақында бұл үйді көруге уәде етті. Бірақ баспананың апат дәрежесін анықтау үшін тұрғындар төлем жасайтынын ескертті. Сараптаманы мамандандырылған аккредиттелген ұйымдар жүргізеді.
Сараптамаға және барлық құжатты ресімдеуге бірнеше ай, тіпті жылдар кетуі мүмкін. Жергілікті тұрғындар жарықты жауып, пәтерлерді жылытып отыр.