НҰР-СҰЛТАН, 5 наурыз – Sputnik. Жамбыл облысындағы Мойынты станциясында екі жасар бала теміржолға жүгіріп шығып, пойыз астына түсті, деп хабарлады "Қазақстан темір жолы" компаниясы.
Ресми мәліметке сәйкес, қайғылы жағдай 4 наурызда кешкі сағат 17:52-де болған.
Мойынты станциясында бүлдіршін ата-анасының қарауынсыз қалып, теміржолдың қауіпті аумағына жүгіріп шыққан. Қатты жылдамдықпен келе жатқан пойыз тоқтап үлгермеген. Бала алған жарақат салдарынан көз жұмды.
Алдын ала мәліметке сәйкес, отбасы теміржолға жақын маңда тұрады.
"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы баланың қазасына байланысты ата-анасына көңіл айтты.
Теміржолшылар балаларды теміржолдарда, вокзал платформаларында қараусыз қалдырмауға шақырады.