НҰР-СҰЛТАН, 4 наурыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Түркияның вице-президенті Фуат Октайды қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Олар Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық серіктестікті дамытудың перспективалары мен халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелерін талқылады.
"Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия басшысы Режеп Тайип Ердоғанның биыл мамыр айында Түркияға сапармен келу жөніндегі шақыртуын шын көңілмен қабыл алғанын жеткізді", - делінген ақпаратта.
Мемлекет басшысы саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты байланыстың деңгейі жоғары екенін атап өтіп, қарым-қатынасты одан әрі жандандыра түсуге назар аударды.
Түркияның вице-президенті өз кезегінде Ердоғанның Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Қазақстан халқына жолдаған сәлемін жеткізді. Сондай-ақ Түрік елі мемлекет басшысының сапарын асыға күтетінін айтты.
Фуат Октай Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық байланыстардың 30 жылдығына орай жолдаған түрік басшысының құттықтау хатын жеткізді.
"Түркияның вице-президенті елімізде сын-қатерлерді еңсеру үшін қабылданған шараларды және Қазақстан Президентінің мықты әрі батыл басшылығымен жүзеге асырылып жатқан реформаларды жоғары бағалады", - деп жазылған Ақорда сайтында.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанның биыл қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммитіне қатысу туралы шешіміне ризашылық білдірді.