НҰР-СҰЛТАН, 4 наурыз – Sputnik. Тараздық келіншек өзінің әйел екенін дәлелдей алмай жүр.
Жиырма екі жастағы тұрғын құжаттағы жазбаға осыған дейін мән бермеген. Оның туу туралы куәлігінде Қалдыбаев Нұрзат Талғатұлы, жынысы "ер" деп көрсетіліпті. Ол бұл қателікті 4 жылдан бері түзете алмай сабылып жүр, деп хабарлады Хабар 24.
Осы уақыт аралығында Нұрзат Халыққа қызмет ету орталығы, АХАЖ бөлімі, өзі туылған перзентханаға, тіпті ең ақыры архивке дейін аралап, түбіне жете алмаған.
Аяғы ауыр келіншек босанатын уақыты жақындағанын айтып, енді өмірге келетін баласының құжаты не болады деп алаңдап отыр.
"Мен қызбын ғой, құжаттағы қатені жөндетуге келдім дедім. Жоқ, болмайды, мүмкін сен геніңді ауыстырған шығарсың, былайша айтқанда, трансгендер шығарсың деп әзілдеді. Құдай қаласа, 3 айдан кейін босанамын. Осы құжат қайтадан алдымнан шығатын болса, күйеуім де ер азамат, өзім де "ер азамат" құжатта. Сонда екі еркектен бала қалай туады, білмеймін", - дейді қала тұрғыны Нұрзат Қалдыбаева.
"Кейде әрпі қате болып жатады. Ә-ні А-ға ауыстырып қояды. Ұ-ны Ү-ге дегендей. Оның бәрін өзгертіп, жөндеп беріп жатырмыз. Ал қызды ер етіп өзгерту бірінші рет болып тұр. Ең бастысы заң шеңберінде шешіледі деп ойлаймын. Бәрін жасап береміз", - деп атап өтті қалалық №1 халыққа қызмет көрсету бөлімінің басшысы Шалқар Елемес.