НҰР-СҰЛТАН, 4 наурыз – Sputnik. Экология министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті әлеуметтік желіде жарияланған барыс жайлы видеоға түсініктеме берді.
Бұған дейін желіде Алматыдағы Шымбұлақ курортының маңында тау кезіп жүрген барыстың видеосы тараған еді. Кадр сыртындағы дауыс видеоның Шымбұлақта түсірілгенін айтады: жыртқыш авторға қарама-қарсы бағытта жүріп бара жатып, көзден ғайып болады.
Ведомство видеоға түсірілген аң шынымен де барыс екенін мәлімдеді.
"Барыс түсірілім жүргізілетін жерлерді тұрақты мекендемейді. Оның бұл аймақта пайда болуы барыстың қорек негізі саналатын тұяқты жануарлардың – еліктердің, сібір тауешкілерінің және басқа да аңдардың қоныс аударуымен тікелей байланысты болуы мүмкін", - деп хабарлады ведомство.
Комитет желіде пайда болған видеоның "сирек кездесетін жағдай және сәтті түсірілім" екенін атап өтті.