АЛМАТЫ, 28 қыркүйек – Sputnik. Алматы облысында "Алтынемел" ұлттық паркінде алғаш рет қар барысы видеоға түсірілді. Бұл туралы экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Жақсы жаңалықпен бөліскім келіп отыр: "Алтын Емел" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде алғаш рет қар барысы көзге түсті . Жануар фототұзақ объективіне ілінген. Орта Азияда сирек кездесетін сүтқоректі соңғы рет көктемде "Сайрам Өгем" ұлттық паркінде байқалып еді. pic.twitter.com/IZrFalNsrg
— Magzum Mirzagaliev (@MirzagalievKZ) September 28, 2020
Министр Twitter парақшасында қар барысының фото және видеосын жариялады.
"Жақсы жаңалықты бөліскім келіп отыр. "Алтынемел" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде алғаш рет қар барысы байқалды. Жануар фототұзақ объективіне ілінген. Орта Азияда сирек кездесетін сүтқоректі көктемде "Сайрам Өгем" ұлттық паркінде де көрініп еді", - деп жазды министр.
Министрдің айтуынша, Қазақстан аумағында 120-130 бас қар барысы бар. Жануар жоғалып кетудің алдында тұр.
"Барыстың көзге түсуі – ерекше құбылыс. Біз сирек кездесетін жануарларды барынша қорғауымыз керек. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі бұл үшін бірқатар шара қабылдап, жүзеге асырады", - деп жазды Мырзағалиев.
Айта кетейік, Қазақстанның ерекше қорғалатын 13 аймағына 294 фототұзақ орнатылған.