НҰР-СҰЛТАН, 4 наурыз – Sputnik. Қазақстанда көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру басталды.
Әскерге шақыру науқаны 1 наурызда басталып, 30 маусымға дейін жалғасады. Төрт ай ішінде Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қатарын 18-27 жас аралығындағы 17 мыңға жуық жас сарбаз толықтырады, деп хабарлады қорғаныс министрлігі.
"Алдымен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Мемлекеттік күзет қызметінің бөлімшелері, содан кейін Қарулы күштердің, Төтенше жағдайлар министрлігінің және Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери бөлімдері жасақталады", - делінген хабарламада.
Әскерге шақыру науқанының шаралары санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылған. Болашақ сарбаздар COVID-19-ға қарсы ПТР-зерттеуден екі рет, яғни жинау пункттерінде және әскери бөлімдерге келгеннен кейін өтеді.
Әскерге қалай шақырылады
Әскерге шақырылушылар 1414 бірыңғай байланыс орталығының сервисі арқылы SMS-хабарламалар жіберу, сондай-ақ тұрғылықты жері мен жұмысының мекенжайларына жіберілетін дербес шақыру қағаздары арқылы хабардар етіліп жатыр.
Әскерге шақыруды жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырып, қамтамасыз етеді. Аталған шақыру комиссияларын облыс, қала, аудан әкімдерінің орынбасарлары басқарады.
2021 жылғы 1 наурыздан бастап әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату мемлекеттік қызметтер тізіміне еніп, оған сәйкес қызмет түрлері азаматтарға Электронды үкімет порталы арқылы ұсынылады.