Қаңтар оқиғасы

Алматыдағы президент резиденциясын бұзуға не себеп болды – басқарма жауабы

Ғимарат қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде қиратылды
Sputnik
АЛМАТЫ, 4 наурыз – Sputnik. Президенттің іс басқармасы Алматыда тәртіпсіздік кезінде қиратылған Резиденцияның неліктен бұзылатынын айтты.
Бұған дейін Ақорданың баспасөз қызметі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен ғимараттың бұзылатынын хабарлаған.
Басқарма Қазақстан көпсалалы қайта құру және даму институты сарапшыларының түпкілікті қорытындысы шыққанын, олар Резиденция ғимаратының пайдалануға келмейтінін айтқанын мәлімдеді.
"Өрттің және аса жоғары температура салдарынан барлық тіреуіш құрылымы мен шатырдың негізі саналатын металл элементтері зақымдалған. Ғимараттың сақталған фрагменттерінде ыстың иісін толығымен жою мүмкін емес", - деп толықтырды басқарма.
Сонымен қатар қазір нысанның құрылымдық элементтерінің бір бөлігі қолданыстағы құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес келмейді. Ғимараттың негізгі конструкцияларын қалпына келтіру және оны сейсмикалық күшейту үшін қомақты қаражат қажет.
Қазақстан президентінің бұрынғы резиденциясының өртенген ғимараты
"Сарапшылардың пікірінше, Резиденция ғимаратын қайта жабдықтап, оны пайдалану қауіпті болады", - деп хабарлады басқарма.
Бұл ғимарат республикалық маңызы бар тарихи ескерткіш саналады. Сондықтан заңнамаға сәйкес талаптар бойынша сүріледі.
Айта кетері, ғимарат 5-6 қаңтарда жаппай тәртіпсіздік кезінде қирады. Бірінші қабатқа бүлікшілер көлік кіргізіп, жарып жіберген.