Оқиға

Алматыда көлік айдап кеткен ер адамның біртүрлі әрекеті видеоға түсіп қалды

"Иесін жүксалғышқа тиеп алды" деген мәлімет болған
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 4 наурыз – Sputnik. Әлеуметтік желіде Алматы қаласында түсірілген видео тарады. "Chevrolet" жүргізушісі жаяу жүргінші жолымен жүріп, адамдарды басып кете жаздаған. Ағашқа соғылғаннан кейін ғана тоқтаған.
Куәгерлер Абай-Алтынсарин көшесінің қиылысында ер адам көлік айдап кеткенін айтқан. "Иесін жүксалғышқа тиеп алды" деген мәлімет болған. Бірақ қалалық полиция департаменті мұны жоққа шығарды. Ал көлікті айдап кеткенін рстады.

"Бөтен біреудің көлігін айдап кету әрекеті болды. Көлік иесі оны тоқтатамын деп, капотқа секірген, бірақ құлап кетті. Кейін көлік айдап кеткен адам автоны тастап, жаяу қашып кетті", - дейді полицейлер.

Ал арыз түсірген көлік иесі ол адамды "сау жүргізуші" қызметі бойынша шақырғанын айтты. Қазіргі кезде тексеріс шаралары басталды. Тәртіп сақшылары Қылмыстық кодекстің 200-бабы ("Автомобильдi немесе өзге де көлiкті иеленіп алу") бойынша қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Айта кетері, көлік айдап кеткені үшін 1 000 айлық есептiк көрсеткiшке (3 063 000 теңге) дейiнгi мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту көзделген. 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстар, я болмаса, екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған.