НҰР-СҰЛТАН, 3 наурыз – Sputnik. Парламент сенаты президентке Қазақстанның бас прокуроры лауазымына Берік Асыловты тағайындауға келісім берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Конституцияға сәйкес, президенттің бас прокурорды тағайындауына келісім беру сенаттың ерекше қарауына жатады.
"Мемлекет басшысы Қазақстан бас прокуроры қызметіне Берік Асыловты тағайындауға сенаттың келісім беруіне ұсыныс енгізді. Президент ұсынған кандидатураны қолдауды сұраймыз", - деді президент әкімшілігі басшысының орынбасары Ержан Жиенбаев.
Сенат депутаттары кандидатураны бірауыздан қолдап дауыс берді. Кейін тиісті жарлық Ақорда сайтында жарияланды.
"Берік Ноғайұлы Асылов Қазақстан Республикасының бас прокуроры лауазымына тағайындалсын", - делінген жарлық мәтінінде.
Еске салсақ, осы күнге дейін Қазақстанның бас прокуроры қызметін атқарған Ғизат Нұрдәулетов биыл 25 ақпанда Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы лауазымына тағайындалған болатын.
Ол Әсет Исекешевтің орнына барды, Исекешев президент көмекшісі болды.
Жаңа бас прокурор туралы не белгілі
Берік Асылов 1991 жылдан бастап осы уақытқа дейін прокуратура органдарында қызмет атқарып келеді. Қазақстанның бірқатар өңірінде прокуратура органдарын басқарды.
2019 жылдың наурызынан бастап Қазақстан бас прокурорының бірінші орынбасары болды.