НҰР-СҰЛТАН, 3 наурыз – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ, "Самұрық-Энерго" энергетикалық холдингі мен "Қазақстан темір жолы" ҰК" ұлттық теміржол тасымалдаушысының басшылығына қатысты тергеу жүріп жатқанын хабарлады.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ, "Самұрық-Энерго" және "Қазақстан темір жолы" ҰК басшылығына қатысты жеке компаниялардан пайда алу мақсатында қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдалану фактісі бойынша тергеу жүргізуде", - делінген хабарламада.
Мемлекетке аса ірі мөлшерде 3,8 миллиард теңге сомасында залал келтірілген.
Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді.
Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Самұрық-Қазына" қорының тиімділігіне күмән келтірген еді. Мемлекет басшысының айтуынша, қордың жұмысы ашық жүргізілмейді, сатып алулар жүйесі тиімсіз. Еңбек жанжалдары басылмайды, шығындары көп. Ауқымды жобалар аяғына дейін жеткізілмейді.
Президент Қорға түбегейлі реформа жасауды тапсырды. Тоқаев бұл мәселе бойынша Алмасадам Сәтқалиевпен (қор басшысы) сөйлескенін, егер ол жүктелген міндетті атқара алмаса, өзі де, Қор да бірге кететінін мәлімдеді.