НҰР-СҰЛТАН, 2 наурыз – Sputnik. Дариға Назарбаеваның орнына мәжіліске депутат болып келген қоғам қайраткері Саясат Нұрбек Қазақстан халқына ант берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, депутат ретінде өзіме жүктелген мәртебелі міндеттерді адал атқаруға ант етемін", - деді Саясат Нұрбек.
Сондай-ақ, ол мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің құрамына сайланды.
Саясат Нұрбек мәжіліс депутаттарымен бірігіп, халыққа қызмет ету өз үшін үлкен абырой, жауапкершілік екенін айтты.
Айта кетері, Nur Otan партиясының тізімі бойынша Саясат Нұрбек Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен мәжіліс депутаты болып тіркелді.
Саясат Нұрбек – саясаттанушы, қоғам қайраткері. Мемлекеттік қызметте мол тәжірибесі бар. Халықаралық бағдарламалар орталығының президенті. Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясы Мемлекеттік саясат ұлттық мектебінің директоры болып жұмыс істеді.
Бұған дейін парламент мәжілісі Дариға Назарбаеваның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатқан болатын. Экс-депутат мәжілістен кетуге өзі өтініш берген.